Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.

Сағыз өңірінде дүниеге келген саяси қуғын сүргіннің құрбаны Зәкәрия Сағындықұлын еске алу мақсатымен колледж студенттері мен ұжымы Былқылдақты елді- мекенінде орналасқан тарихи ескерткішке барып, тәрбиелік сағат ұйымдастырып қайтты.  Колледж студенттері мен қызметкерлерінен бөлек, тәрбиелік шараға Зәкәрия Сағындықұлының ұрпақтары Мұрат Көптілеуов, Кәдеш Сағындықов, Бейішов Мұқанбет барып, тұлға жайлы естеліктермен, мағлұматтармен бөлісті.

Қазақстандағы Голошекиннің «Кіші Октябрінен» жазықсыз зардап шеккен аяулы азаматтардың бірі Зәкәрия Сағындықұлы Қосайдың Тінейінің ұрпағы. Ол 1890 жылы дүниеге келген.

Жасынан іскер, шаруашылықты жүргізе білетін қабілетті орта шаруалы адам болған. Заман ағымына сай туған ауылын үнемі көшіп жүруден отырықшылыққа, тұрақты қоныс табуға уағыздап, сол үшін жұмыстанған. Бір тайпа елді Қоғалыкөл, Қоңырсай, Сулыкөл, Наршөккен атты шұрайлы елді мекендерді игеруге бастаған.

Алайда жалақорлардың арыздарымен ақын 1923 жылы ұсталып 1930 жылы Көкжар, қазіргі Ойып қаласындағы түрмеде қаза болады. Ескіше хат таныған сауатты, көзі ашық, көңілі ояу Зәкәрия тек қана жыр шығарумен шектелмей, өзіндік жыр-сазы бар жыршы-домбырашы, жанжақты өнерпаз адам болған.

1992 жылы «Жаңа өмір» газеті бетінде «Абақтыдан ұшқан жыр-сәлем» деген тақырыппен, 1993 жылы «Маңғыстау» газеті бетінде «Тағдыр» деген айдармен берілген «Тұтқын жырлары» атты топтамада 3-4 шығармалары жарияланған.

Киіктің құйрығындай қырық жылдық келте ғұмырында қыруар шаруа тындырып үлгерген қажырлы азамат, ат жалын тартып мінгеннен төңірегіндегі тағдыр талайын хақ тәңірге тапсырған тәубешіл жұртының арын арлап, намысын жыртқан жан Сағындықұлы Зәкәрия өз халқының мәңгі есінде.