23 қаңтар 2018 жылы Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінде «Біліктілік көзқарас негізінде педагогтардың әдістемелік қызметін жетілдірудегі инновациялар» тақырыбында колледжішілік педагогикалық оқу болып өтті. Оған оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері толық қатынасты.

 

Кіріспе бөлімінде колледж әдіскері А.Абдигалиева колледжішілік педагогикалық оқудың әдістемелік жұмыстар жоспарына сай екендігін айта келе, педагогикалық оқудың жалпы ережелерімен, ұйымдастыру алқасымен және сараптау кеңесімен таныстырып өтті.

Мекеме басшысының бұйрығымен колледж әкімшілігі мен жоғары санатты оқытушылардан сараптау кеңесі құрылып, қазылық жасады.

Педагогикалық оқуға 4 оқытушы мен 1 өндірістік оқыту шебері қатынасты. Барлығы 5 баяндама тыңдалды. Олар:

  1. Меделбай А.С. – ІІ санатты өндірістік оқыту шебері. «Техникалық және кәсіптік білім беруде интербелсенді әдістерді пайдалану – білім беру сапасын арттыру шарты» тақырыбындағы баяндамасын жасады.
  2. Суйеуова Б.Е. – І санатты арнайы пән оқытушысы. «Кәсіптік оқытудағы инновациялық технологиялар» (Модульдік оқыту технологиясы) атты баяндамасын дайындаған.
  3. Сатаев Н.Х. – І санатты химия пәнінің оқытушысы. «Химия пәнін оқытуда ақпараттық – коммуникациялық технологияны пайдаланудың әдіс-тәсілдері» баяндамасы АКТ-сын оқыту үрдісінде қолдану жөнінде болды.
  4. Таниязова Б.Н. – ағылшын тілі пәнінің жоғары санатты оқытушысы. «Шет тілін оқытуда инновациялық технологияларды қолдану» тақырыбындағы баяндамасы Нысаналы оқыту технологиясына негізделген.
  5. Альжанов Н.К. – ІІ санатты дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы. «Дене шынықтыру пәнінде оқыту технологияларын пайдалана отырып студенттердің пәнге деген қызығушылықтарын арттыру» атты баяндамасында негізінен деңгейлеп оқыту технологиясын алып, сол бойынша өткізген ашық сабағын талдаған.

Баяндамалар тыңдалып болған соң, үшінші қорытынды бөлімінде Сараптау кеңесінің мүшелері өз ойларымен бөлісті.

Сараптау кеңесінің қорытындысы бойынша «өте жақсы» деп танылған Меделбай А., Сатаев Н. және Альжанов Н. жұмыстарын жетілдіріп, толықтырып, облыстық педагогикалық оқуға жолдау шешімі қабылданды.