Тілдер күні мерекесіне орай Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінде “Тіл- ел байлығы” тақырыбында тәрбие сағаты болып өтті. Тәрбие сағатына колледж студенттері мен оқытушылары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатынасты.

Шараның мақсаты: жас ұрпақты ана тілінің қадір- қасиетін түсіне білуге шақыру, олардың халқына, тіліне деген махаббатын арттыру.

Қазақстан халқының тұтастығын сақтау, елімізде тұратын басқа да ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарау, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру мақсатында 1989 жылы 22 қыркүйекте “Тілдер туралы” заң қабылданған болатын. 1998 жылы 20 қаңтарда ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен 22 қыркүйек- Қазақстан халықтары тілдерінің күні болып жарияланды.

Қазақ тілі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ана тілі, шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты, көркем, дана, сұлу, рухани бай, Абай әрлеген, Жамбыл жырлаған, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі!

Қазақ тілі әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі не? Себебі, тіл халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі.